"Ақжолтай" редакциясы


MENU
Главная » 2015 » Ақпан » 25 » Филология-өнер мен білімнің қамбасы!
12:52 PM
Филология-өнер мен білімнің қамбасы!

Дарындылардың ордасы Шәкәрім атамыздың есімі берілген қасиетті қара шаңырақ жан-жақтан оқу іздеп келген жас өрендерді жыл сайын құшақ жая қарсы алатыны белгілі. Соның ішінде өнер мен білімнің қамбасына айналған Филология факультетін ерекше атап өтуге болады. Факультетте «Филология», «Қазақ тілінде оқытпайтын мектептердегі қазақ тілі мен әдебиеті», «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандықтары оқытылады. Негізгі мамандық ұстаздық қызмет болғандықтан оқудың алғашқы күнінен бастап студенттер терең білім алуда. Себебі, ұстаз ізденуін тоқтатса, ол ұстаз болудан қалатыны белгілі. Осы жолда факультет ұстаздары өз білімдерін аямай, еңбек етуде. Оған дәлел ретінде, осы оқу орнының шәкірттері атақты абайтанушы Қайым Мұхамедханұлы, Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі Қанипа Бітібаева, жазушылар Әзілхан Нұршайықов, Кәмен Оразалин, журналистер Балташ Ерсәлімов, Әлібек Қаңтарбаев, айтыскер ақындар Ринат Зайытов, Сара Тоқтамысова, Қарлығаш Әубәкірованың халыққа сіңірген еңбегін айтуымызға болады. Студенттеріміз білім алып қана қоймай, Қинаят Шаяхметұлы, Арап Сләмұлы, Айман Омарқанқызы, Айбар Қабыкенұлы сынды профессор оқытушылардан да дәріс алып жүргеніне дән риза. Ұстаздар терең білім берумен қатар, сахнаның, баспасөздің, шешендік өнердің қыр-сырын да үйретіп жүр. Әр жыл сайын қатаң түрде қадағаланып жүргізілетін педагогикалық іс-тәжірибелер де білімді тәжірибемен ұштастырудың нәтижесін көрсеткендей. Студенттің 4 жылғы өмірі қызықты да пайдалы өтуі үшін ұйымдастырылған «100 сөйлем», «Жебе ақындар мектебі», «Мәшһүртану», «Студенттің ғылыми-жобалау алаңы», «Шешендік өнер», «Парасат», «Жас Отан» сынды көптеген үйірмелер өз жұмысын тиянақты жасауда. Осының ішінде «100 сөйлем» үйірмесінің берері мол. Үйірмеде 100 сөйлемді грамматикалық талдаудың түр-түрімен тереңінен талдатады. Студенттерді ғылымға баулу мақсатында жыл сайын «Студенттердің ғылыми конференциясы» өтеді. Үздік ғылыми мақалалар ғылыми жинақтарға жарияланып, басқа да конференцияларға жіберілуде. Қазіргі дамыған заманда студентке жан-жақты болу әрине артық етпейді. Сол мақсатта университетіміз АҚШ, Қытай, Германия, Жапония, Түркия, Ресей, Польша т.б бірнеше мемлекеттермен іскерлік байланыстар жүргізіп, академиялық ұтқырлықпен студенттер алмасуда. "Халықтың кемеліне келіп өркендеп өсуі үшін ең алдымен азаттық пен білім қажет",- деп Шоқан Уәлиханов айтқандай ең бастысы білім екенін бәрімізге белгілі.

Сөзімді түйіндей келе, «Әркімге қажетті білім бар. Сол білімді меңгермейінше, барлық басқа білім адамға нұқсан келтіреді»,- деген екен Л.Н. Толстой. Сол себепті де жас талапкерлерге, жалпы білім іздеуші көпшілікке айтарым қажетті білімдеріңізді адаспай табыңыздар.

Қ.Қ.Мұқанова

Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университеті,

Қазақ тілінің теориясы мен әдістемесі кафедрасының меңгерушісі


 

Просмотров: 808 | Добавил: Акжолтай | Теги: мақалалар | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
avatar
"Ақжолтай" республикалық педагоктарға арналған газеттің интернет нұсқасы-2015